«Абайды оқы, таңырқа» атты оқырман отбасы клубының дәріс сабағы өтті
Астана қаласы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінің кітапханасында қазақтың ұлы ойшылы, ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығын дәріптеу мақсатында «Абайды оқы, таңырқа» атты оқырман отбасы клубының кезекті дәріс сабағы өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – Абайдың қара сөздерін терең талдау арқылы оқушылардың рухани дүниесін байыту, отбасы мүшелерімен бірлесе отырып оның философиялық ой-тұжырымдарын түсіну және шығармашылық пікір алмасу алаңын қалыптастыру болды.
Дәріс сабағына республикалық күміс еріктілер қоғамының төрайымы Дүйсебекова Ләззат, Абай мұрасын зерттеуші Алданыш мырза, Алматы ауданының күміс еріктілері, «Кітап оқуға баулу» жобасының авторы, республикалық күміс еріктілер қозғалысының волонтері Момынқұлова Алтын қатысты.
Жоғары сынып оқушылары арасында өткен дәрісте Абай хакімнің бірінші және отыз екінші қара сөздері жан-жақты талқыланды. Сабақ барысында топтық жұмыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тиімді әдіс-тәсілдердің қолданылуы оқушылардың өз ойларын еркін әрі сенімді жеткізуіне мүмкіндік берді. Ұстаз бен шәкірт арасындағы жылы әрі шынайы қарым-қатынас білім алушылардың белсенділігін арттырып, олардың сабаққа деген қызығушылығын күшейтті.
Дәріс барысында адамгершілік, білім, еңбек және тәрбие тақырыптарына ерекше назар аударылып, оқушылар Абайдың қара сөздерін талдай отырып, өз ойларын дәлелдеп, мазмұнды пікір алмасу жүргізді. Бұл өз кезегінде олардың сыни ойлау қабілетін дамытуға ықпал етті.
Іс-шараға қатысқан ата-аналар мен отбасы мүшелері де белсенділік танытып, Абай ойларын қазіргі қоғаммен байланыстыра отырып, оның идеяларының бүгінгі күнде де өзектілігін атап өтті. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған интерактивті сұрақ-жауап және пікірталас бөлімдері қатысушылардың қызығушылығын арттырды. Шара аясында Абай шығармаларын тереңірек танып-білуге арналған арнайы кітап көрмесі ұсынылды.
Қорытынды
Аталған іс-шара отбасылық оқу мәдениетін дамытуға, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға және Абай мұрасын кеңінен насихаттауға зор үлес қосты. Дәріс оқушылардың рухани дамуына бағыт беріп, олардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.







