«ОТБАСЫМЕН КІТАП ОҚУ – ИГІ ДӘСТҮР» АТТЫ ОТБАСЫЛЫҚ ОҚУ КҮНІ ӨТТІ Мектебімізде «Отбасымен кітап оқу – игі дәстүр» тақырыбында Отбасылық оқу күні аясында ата-аналармен бірлескен оқу сағаттары ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, отбасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және ата-ана мен бала арасындағы рухани байланысты нығайту. Оқу сағаттары барысында ата-аналар балаларымен бірге көркем әдебиеттерден үзінділер оқып, кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы өзара пікір алмасты. Сонымен қатар, оқушылар өз отбасындағы кітап оқу дәстүрі жайлы дайындаған бейнероликтерін ұсынып, көпшілік назарына ұсынды. Іс-шараға қатысқан ата-аналар мен оқушылар белсенділік танытып, отбасылық оқудың тәрбиелік мәні жоғары екендігін ерекше атап өтті. Ұйымдастырылған оқу сағаттары оқушылардың оқу дағдысын дамытуға және кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыруға оң ықпал етті. Осылайша, «Отбасымен кітап оқу – игі дәстүр» атты Отбасылық оқу күні мазмұнды әрі тәрбиелік мәні жоғары деңгейде өтті.
Астана қаласы әкімдігінің «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейі» ШЖҚ МКК кітапханасында «8 минуттық кітап оқу» жобасы аясында «Бір сурет – бір кітап» тақырыбында танымдық кітапханалық сабақ ұйымдастырылып, өткізілді. Іс-шараға 6 «Б» сынып оқушылары белсене қатысты.
Аталған жоба 2023–2024 оқу жылынан бастап Астана қаласының білім басқармасының бастамасымен барлық мектептерде жүзеге асырылып келеді. Жоба ережесіне сәйкес оқушылар күнделікті сабақ басталардан 20 минут бұрын мектепке келіп, 10–15 минут кітап оқиды. Сабақ басталуына 2 минут қалғанда оқу үдерісі тоқтатылып, оқу сабақтары басталады. Бұл жоба оқушылардың тұрақты түрде кітап оқу дағдысын қалыптастыруға бағытталған.
Кітапханашылар тарапынан әр жас ерекшелігіне сай әдебиеттер ұсынылып, оқушыларға бағыт-бағдар беріліп отырады. Оқушылар кітаптарды кітапханадан алып оқуға немесе өз үйіндегі кітаптарды пайдалануға мүмкіндік алады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, Бердібек Соқпақбаевтің шығармашылығы бойынша білімдерін толықтыру, сондай-ақ олардың зеректік қабілеттерін дамытып, ой-өрісін кеңейту, өз ойын еркін жеткізе алатын тұлға қалыптастыру болып табылады.
Сабақ сергіту сәтімен басталды. «HUMAN BINGO» ойыны арқылы оқушылар бір-бірін қаншалықты жақсы танитынын көрсетіп, жағымды атмосфера қалыптасты.
Негізгі бөлімде 6 «Б» сынып оқушылары қазан айында оқыған «Балалық шаққа саяхат» шығармасы бойынша өз ойларын ортаға салды. Оқушылар шығарма желісі бойынша салған суреттерін таныстырып, кейіпкерлерге талдау жасап, автордың негізгі идеясын ашуға тырысты. Бұл кезеңде оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен әдеби талдау дағдылары айқын көрінді.
Келесі кезеңде «Tarsia Maker» әдісі қолданылып, оқушылардың шығарманы қаншалықты меңгергені тексерілді. Оқушылар берілген сұрақтар мен жауаптарды сәйкестендіріп, пазл құрастыру арқылы логикалық тапсырмаларды орындады. Нәтижесінде белгілі бір геометриялық фигура құрастырылып, олардың білім деңгейі бағаланды.
Сабақ мазмұнды әрі қызықты өтті. Оқушылар белсенділік танытып, өз ойларын еркін жеткізе білді. Мұндай сабақтар оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор ықпал етеді.
Іс-шара соңында 6 «Б» сынып оқушыларына және сынып жетекшісі Алтынай мұғалімге алғыс білдірілді.

Астана қаласы әкімдігінің «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейі» ШЖҚ МКК кітапханасында 3 «Б» сынып оқушыларының қатысуымен «Ертегі – тәрбие көзі» атты танымдық кітапханалық сағат ұйымдастырылып, өткізілді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ертегілер арқылы жас ұрпақтың бойына адамгершілік, мейірімділік, адалдық, достық пен ізгілік сияқты асыл қасиеттерді сіңіру болып табылады.
Іс-шара барысында оқушылар өздері оқыған ертегілерін сахналық қойылымдар арқылы көрермендерге әсерлі түрде ұсынды. Кейіпкерлер бейнесін сомдау кезінде оқушылар шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, сахна мәдениетін меңгере түсті. Сонымен қатар, ертегі мазмұнын терең түсініп, оның тәрбиелік мәнін ашуға дағдыланды.
Шара барысында оқушылардың белсенділігі ерекше байқалды. Әрбір қатысушы өз рөлін жауапкершілікпен орындап, көркем сөз оқу, кейіпкер бейнесін жеткізу және сахналық қозғалыс мәдениетін үйлесімді көрсете білді. Бұл оқушылардың өзіне деген сенімділігін арттырып, көпшілік алдында еркін сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етті.
Танымдық сағат мазмұнды әрі қызықты өтті. Оқушылар ертегілер әлеміне саяхат жасап қана қоймай, кітаптың тәрбиелік және танымдық маңызын терең түсінді. Шара соңында оқушылар кітап оқудың адам өміріндегі рөлі туралы ой бөлісіп, кітапқа деген қызығушылықтарының артқанын жеткізді.
Қорытындылай келе, мұндай тәрбиелік мәні жоғары іс-шаралар жас ұрпақтың рухани дамуына, олардың кітапқа деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлкен үлес қосатыны анық.


Мектеп кітапханасында оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында «Мәңгілік Елге – кітаппен бірге» атты әдеби кафе ұйымдастырылды. Бұл шара кітапханалық инновациялық жұмыс формалары арқылы оқырмандарды тартуға, олардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуіне бағытталды.
Әдеби кафе ерекше форматта безендіріліп, үстелдер дастарханмен жабдықталып, арнайы мәзірлер дайындалды. Іс-шара барысында презентация, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, түрлі-түсті қағаздар, желім, сәндік элементтер, сондай-ақ театрландырылған көріністерге арналған атрибуттар қолданылды. Музыкалық сүйемелдеу шараның әсерлі өтуіне ықпал етті.
Кафеде 4 үстел ұйымдастырылып, әрқайсысы ерекше «тағам» түрінде ұсынылды:
«Салат» бөлімі – қатысушыларға мақал-мәтелдердің жалғасын табу тапсырылды. Оқушылар берілген уақыт ішінде мақалдардың дұрыс нұсқасын құрастырып, белсенділік танытты.
«Ұлттық тағам» бөлімі – әдеби шығармалар мен авторлар бойынша сұрақтарға жауап беру арқылы оқушылар білімдерін сынады. Мұнда Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» шығармасы, Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы, Бердібек Соқпақпаевтың туындылары, Ахмет Байтұрсынұлының мысалдары және Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері қамтылды. Оқушылар қойылған сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін көрсетті.
«Десерт» бөлімі – «Не? Қайда? Қашан?» форматында өтті. Бұл кезеңде оқушылар өздері оқыған шығармаларын жарнамалап, шығармашылық қабілеттерін танытты.
«Тіскебасар» бөлімі – «Tarsia» әдісі арқылы ұйымдастырылып, қатысушылар сұрақтар мен жауаптарды сәйкестендіріп, логикалық тапсырмалар орындады.
Шара барысында жүргізуші оқушыларға кітаптың маңызы туралы айта отырып, кітаптың адам өміріндегі рөлін ерекше атап өтті. Кітаптың адамды сауатты сөйлеуге, ойын еркін жеткізуге және жан-жақты дамуға жетелейтіні түсіндірілді.
Сонымен қатар викториналық сұрақ-жауаптар ұйымдастырылып, оқушылардың белсенділігі арттырылды. Қатысушылар әр кезеңде белсенділік танытып, өз білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті.
Іс-шара соңында оқушыларға кітаптың – адамзаттың асыл қазынасы екені тағы бір мәрте айтылып, кітапхана есігінің әрқашан ашық екені ескертілді. Әдеби кафе оқушыларға ерекше әсер сыйлап, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттырды.


Мектеп кітапханасында 1-сынып оқушыларына арналған «Жеке кітапханамдағы кітаптар» атты кітапханалық таныстырылым – саяхат сағаты өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларды кітапхана әлемімен таныстыру, кітапқа деген қызығушылығын арттыру және кітапты дұрыс пайдалану мәдениетін қалыптастыру болды.
Кітапханалық-библиографиялық білімдерді насихаттау – оқушылардың кітап оқуына бағыт-бағдар берудің маңызды бөлігі. Осы мақсатта ұйымдастырылған шара барысында оқушылар кітапханамен алғашқы танысу саяхатына шығып, «Көңілді поезд» арқылы бірнеше аялдамаларға тоқтап, кітапхана бөлімдерімен танысты.
Саяхат барысында балалар «Кітаптар әлемі» аялдамасына аялдап, кітап сақтау бөлімімен танысты. Мұнда кітапхана қорында 52 мыңнан астам кітап, сондай-ақ 200-ге жуық газет-журнал бар екені айтылды. Оқушылар кітаптардың арнайы тәртіппен орналастырылатынын және қажетті кітапты табуда кітапханашының көмегі маңызды екенін білді.
Келесі «Балаларға базарлық» аялдамасында оқушылар абонемент бөлімімен танысты. Бұл бөлімде мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына арналған кітаптар берілетіні, оларды 10 күнге үйге алып оқуға болатыны түсіндірілді.
Ал «Кітап оқу» аялдамасында балалар оқу залының қызметімен танысып, мұнда газет-журналдарды оқуға, үй тапсырмаларын орындауға болатынын білді. Сонымен қатар анықтамалықтар, сөздіктер және көркем әдебиеттер осы бөлімде орналасқаны айтылды.
Іс-шара барысында оқушыларға арналған «Ертегілер елінде» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі ойындар өткізілді. Атап айтқанда, «Мен кіммін?», «Ол қандай кейіпкер?» және «Кім жылдам?» ойындары арқылы оқушылар ертегі кейіпкерлерін танып, өз білімдерін көрсетті.
Кітапханашы балаларды кітапханада өзін-өзі ұстау ережелерімен де таныстырды. Оқушыларға кітапты ұқыпты ұстау, уақытында қайтару, кітапқа зиян келтірмеу және тыныштық сақтау қажеттілігі түсіндірілді. Сонымен қатар кітапты дұрыс пайдалану бойынша арнайы ережелер ұсынылды.
Шара соңында оқушыларға кітап оқу кезінде қолданылатын белгі (закладка) таратылып, оқырман формуляры таныстырылды. Осы күннен бастап 1-сынып оқушылары мектеп кітапханасының толыққанды оқырманы атанды.
Кітапхана – білімнің, тәрбиенің және рухани байлықтың қайнар көзі. Сондықтан кітапхана есігі әрдайым оқушылар үшін ашық, ал кітап – олардың ең сенімді досы болып қала береді.



Астана қаласы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінің кітапханасында қазақтың ұлы ойшылы, ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығын дәріптеу мақсатында «Абайды оқы, таңырқа» атты оқырман отбасы клубының кезекті дәріс сабағы өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – Абайдың қара сөздерін терең талдау арқылы оқушылардың рухани дүниесін байыту, отбасы мүшелерімен бірлесе отырып оның философиялық ой-тұжырымдарын түсіну және шығармашылық пікір алмасу алаңын қалыптастыру болды.
Дәріс сабағына республикалық күміс еріктілер қоғамының төрайымы Дүйсебекова Ләззат, Абай мұрасын зерттеуші Алданыш мырза, Алматы ауданының күміс еріктілері, «Кітап оқуға баулу» жобасының авторы, республикалық күміс еріктілер қозғалысының волонтері Момынқұлова Алтын қатысты.
Жоғары сынып оқушылары арасында өткен дәрісте Абай хакімнің бірінші және отыз екінші қара сөздері жан-жақты талқыланды. Сабақ барысында топтық жұмыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тиімді әдіс-тәсілдердің қолданылуы оқушылардың өз ойларын еркін әрі сенімді жеткізуіне мүмкіндік берді. Ұстаз бен шәкірт арасындағы жылы әрі шынайы қарым-қатынас білім алушылардың белсенділігін арттырып, олардың сабаққа деген қызығушылығын күшейтті.
Дәріс барысында адамгершілік, білім, еңбек және тәрбие тақырыптарына ерекше назар аударылып, оқушылар Абайдың қара сөздерін талдай отырып, өз ойларын дәлелдеп, мазмұнды пікір алмасу жүргізді. Бұл өз кезегінде олардың сыни ойлау қабілетін дамытуға ықпал етті.
Іс-шараға қатысқан ата-аналар мен отбасы мүшелері де белсенділік танытып, Абай ойларын қазіргі қоғаммен байланыстыра отырып, оның идеяларының бүгінгі күнде де өзектілігін атап өтті. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған интерактивті сұрақ-жауап және пікірталас бөлімдері қатысушылардың қызығушылығын арттырды. Шара аясында Абай шығармаларын тереңірек танып-білуге арналған арнайы кітап көрмесі ұсынылды.
Аталған іс-шара отбасылық оқу мәдениетін дамытуға, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға және Абай мұрасын кеңінен насихаттауға зор үлес қосты. Дәріс оқушылардың рухани дамуына бағыт беріп, олардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.


Астана қаласы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінде «Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясындағы
«8 МИНУТТЫҚ ОҚУ» жобасының жүргізілу анықтамасы
Мақсаты: Білім алушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыра отырып, танымдық көзқарасын кеңейту.
Міндеттері:
«8 минуттық оқу» жобаның ережесіне сәйкес күнделікті әр ауысымның бірінші сабағы 8 (сегіз) минуттық көркем әдебиет кітабын оқудан басталуы тиіс. Әр педагог сабақтың алдында оқушыларға көркем әдебиет кітабын оқуды ұсынады, сегіз минут өткен соң, барлық оқушылар кітаптарын жауып екі минут тынығып алып, мұғалім сабақты бастайды. Оқушыларға оқуға ұсынған кітап олар электронды форматта және қағаз түрінде де болуы мүмкін. Педагог сыныпқа «Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясындағы кітаптарды ұсына алады. Кітаптың көшірмесін жасап, пайдалануға болады.
Оқушылар: сыныпта тыныштық орнатып, жеке оқу көзделеді (ішінен), яғни ол топтық оқу немесе педагогтің дауыстап оқуын, ал сынып оны тындауларын көздемейді. Жобаның талаптарына сәйкес әр оқушы өзінің жеке оқу техникасын пысықтауы керек.
Педагогтер: мұғалімге сегіз минуттық оқу кезінде педагогикалық-психологиялық кітаптарды оқуына кеңес беріледі.
Жобаны жүзеге асыруға жауаптылар:
Жобаның өткізілетін мерзімі және тәртібі
Айына бір рет (әр айдың екінші аптасында) ата-анасымен бірге кітап оқулары жүргізіледі және оқыған кітаптарының нәтижелерін қорытындылау мақсатында әр айдың соңғы жетісінде «Readx» форматындағы іс-шара өткізіледі. Әр апта сайын төмендегі сыныптар белгіленген күні сапалы түрде видео ролик жасап кітапханашыларға жолдап отырады.
«8 минуттық оқу» жобасы әр ай сайын әр түрлі тақырыпта шығармалар ұсынып отырамыз. Желтоқсан айында оқылатын шығармалар.
“Еңілік - Кебек”
Қорытынды:
«8 минуттық оқу» жобасы оқушылардың қысқа уақыт ішінде ақпаратты тиімді қабылдауына, мәтін мазмұнын жылдам талдап, негізгі идеяларды анықтау дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл оқуға деген қызығушылықты арттырып, оқу дағдыларын жүйелі түрде қалыптастыруға көмектеседі. Жоба барысында оқушылар тек мәтінді түсінуді ғана емес, сонымен бірге ойлау, салыстыру, қорытынды жасау және өз пікірін дәлелдеуді үйренеді.

«Кітап – білім бұлағы»
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінде оқушылардың күзгі демалыс кезінде уақытын тиімді пайдалану, көркем әдеби туындылар оқу арқылы дүниетанымдарын кеңейту және сөз байлықтарын арттыру мақсатында 2024 жылдың 28 қазаны күні 3-4 сынып оқушыларының қатысуымен «Кітап – білім бұлағы» атты дөңгелек үстел шарасы өткізілді.
Мектеп кітапханашылары А.Махшар мен Г.Усенбаевалардың ұйымдастыруымен өткен іс-шарада білім алушылар өздері оқыған кітаптар туралы ойларымен бөлісіп, талқылау жүргізе отырып, оқудың пайдасы мен қажеттілігі туралы әңгімелесті, кейіпкерлер бейнесін ашу, шығарманың композициялық құрылысын талдау, сюжетін айқындау мен тәрбиелік мәнін ашу бойынша пікірлесті. Мектептің кітапханашылары оқушыларды кітапханаға жаңадан алынған кітаптармен таныстырып, мазмұндарын қысқаша баяндады, «Кім тапқыр?» сұрақ-жауап ойыны, «Мозайканы құрастыру» әдісімен сергіту ойындарын ұйымдастырды.
