Бүгін: 03.10.2026
Реформалардың локомотиві сіздерсіздер, біздің ару жастар! Қазақстанның болашағы жастардың қолында, өз мүмкіндігіңді, арманыңды жіберіп алма. Жақсы оқып, еңбектенген адамның ғана арманы орындалады. Қасым-Жомарт Тоқаев

Мектеп кітапханасында 1-сынып оқушыларына арналған «Жеке кітапханамдағы кітаптар» атты кітапханалық таныстырылым – саяхат сағаты өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларды кітапхана әлемімен таныстыру, кітапқа деген қызығушылығын арттыру және кітапты дұрыс пайдалану мәдениетін қалыптастыру болды.

Кітапханалық-библиографиялық білімдерді насихаттау – оқушылардың кітап оқуына бағыт-бағдар берудің маңызды бөлігі. Осы мақсатта ұйымдастырылған шара барысында оқушылар кітапханамен алғашқы танысу саяхатына шығып, «Көңілді поезд» арқылы бірнеше аялдамаларға тоқтап, кітапхана бөлімдерімен танысты.

Саяхат барысында балалар «Кітаптар әлемі» аялдамасына аялдап, кітап сақтау бөлімімен танысты. Мұнда кітапхана қорында 52 мыңнан астам кітап, сондай-ақ 200-ге жуық газет-журнал бар екені айтылды. Оқушылар кітаптардың арнайы тәртіппен орналастырылатынын және қажетті кітапты табуда кітапханашының көмегі маңызды екенін білді.

Келесі «Балаларға базарлық» аялдамасында оқушылар абонемент бөлімімен танысты. Бұл бөлімде мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына арналған кітаптар берілетіні, оларды 10 күнге үйге алып оқуға болатыны түсіндірілді.

Ал «Кітап оқу» аялдамасында балалар оқу залының қызметімен танысып, мұнда газет-журналдарды оқуға, үй тапсырмаларын орындауға болатынын білді. Сонымен қатар анықтамалықтар, сөздіктер және көркем әдебиеттер осы бөлімде орналасқаны айтылды.

Іс-шара барысында оқушыларға арналған «Ертегілер елінде» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі ойындар өткізілді. Атап айтқанда, «Мен кіммін?», «Ол қандай кейіпкер?» және «Кім жылдам?» ойындары арқылы оқушылар ертегі кейіпкерлерін танып, өз білімдерін көрсетті.

Кітапханашы балаларды кітапханада өзін-өзі ұстау ережелерімен де таныстырды. Оқушыларға кітапты ұқыпты ұстау, уақытында қайтару, кітапқа зиян келтірмеу және тыныштық сақтау қажеттілігі түсіндірілді. Сонымен қатар кітапты дұрыс пайдалану бойынша арнайы ережелер ұсынылды.

Шара соңында оқушыларға кітап оқу кезінде қолданылатын белгі (закладка) таратылып, оқырман формуляры таныстырылды. Осы күннен бастап 1-сынып оқушылары мектеп кітапханасының толыққанды оқырманы атанды.

Кітапхана – білімнің, тәрбиенің және рухани байлықтың қайнар көзі. Сондықтан кітапхана есігі әрдайым оқушылар үшін ашық, ал кітап – олардың ең сенімді досы болып қала береді.