Мектеп кітапханасында оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында «Мәңгілік Елге – кітаппен бірге» атты әдеби кафе ұйымдастырылды. Бұл шара кітапханалық инновациялық жұмыс формалары арқылы оқырмандарды тартуға, олардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуіне бағытталды.
Әдеби кафе ерекше форматта безендіріліп, үстелдер дастарханмен жабдықталып, арнайы мәзірлер дайындалды. Іс-шара барысында презентация, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, түрлі-түсті қағаздар, желім, сәндік элементтер, сондай-ақ театрландырылған көріністерге арналған атрибуттар қолданылды. Музыкалық сүйемелдеу шараның әсерлі өтуіне ықпал етті.
Кафеде 4 үстел ұйымдастырылып, әрқайсысы ерекше «тағам» түрінде ұсынылды:
«Салат» бөлімі – қатысушыларға мақал-мәтелдердің жалғасын табу тапсырылды. Оқушылар берілген уақыт ішінде мақалдардың дұрыс нұсқасын құрастырып, белсенділік танытты.
«Ұлттық тағам» бөлімі – әдеби шығармалар мен авторлар бойынша сұрақтарға жауап беру арқылы оқушылар білімдерін сынады. Мұнда Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» шығармасы, Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы, Бердібек Соқпақпаевтың туындылары, Ахмет Байтұрсынұлының мысалдары және Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері қамтылды. Оқушылар қойылған сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін көрсетті.
«Десерт» бөлімі – «Не? Қайда? Қашан?» форматында өтті. Бұл кезеңде оқушылар өздері оқыған шығармаларын жарнамалап, шығармашылық қабілеттерін танытты.
«Тіскебасар» бөлімі – «Tarsia» әдісі арқылы ұйымдастырылып, қатысушылар сұрақтар мен жауаптарды сәйкестендіріп, логикалық тапсырмалар орындады.
Шара барысында жүргізуші оқушыларға кітаптың маңызы туралы айта отырып, кітаптың адам өміріндегі рөлін ерекше атап өтті. Кітаптың адамды сауатты сөйлеуге, ойын еркін жеткізуге және жан-жақты дамуға жетелейтіні түсіндірілді.
Сонымен қатар викториналық сұрақ-жауаптар ұйымдастырылып, оқушылардың белсенділігі арттырылды. Қатысушылар әр кезеңде белсенділік танытып, өз білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті.
Іс-шара соңында оқушыларға кітаптың – адамзаттың асыл қазынасы екені тағы бір мәрте айтылып, кітапхана есігінің әрқашан ашық екені ескертілді. Әдеби кафе оқушыларға ерекше әсер сыйлап, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттырды.







