«Ертегі – тәрбие көзі» атты кітапханалық танымдық сағат
Астана қаласы әкімдігінің «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейі» ШЖҚ МКК кітапханасында 3 «Б» сынып оқушыларының қатысуымен «Ертегі – тәрбие көзі» атты танымдық кітапханалық сағат ұйымдастырылып, өткізілді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ертегілер арқылы жас ұрпақтың бойына адамгершілік, мейірімділік, адалдық, достық пен ізгілік сияқты асыл қасиеттерді сіңіру болып табылады.
Іс-шара барысында оқушылар өздері оқыған ертегілерін сахналық қойылымдар арқылы көрермендерге әсерлі түрде ұсынды. Кейіпкерлер бейнесін сомдау кезінде оқушылар шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, сахна мәдениетін меңгере түсті. Сонымен қатар, ертегі мазмұнын терең түсініп, оның тәрбиелік мәнін ашуға дағдыланды.
Шара барысында оқушылардың белсенділігі ерекше байқалды. Әрбір қатысушы өз рөлін жауапкершілікпен орындап, көркем сөз оқу, кейіпкер бейнесін жеткізу және сахналық қозғалыс мәдениетін үйлесімді көрсете білді. Бұл оқушылардың өзіне деген сенімділігін арттырып, көпшілік алдында еркін сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етті.
Танымдық сағат мазмұнды әрі қызықты өтті. Оқушылар ертегілер әлеміне саяхат жасап қана қоймай, кітаптың тәрбиелік және танымдық маңызын терең түсінді. Шара соңында оқушылар кітап оқудың адам өміріндегі рөлі туралы ой бөлісіп, кітапқа деген қызығушылықтарының артқанын жеткізді.
Қорытындылай келе, мұндай тәрбиелік мәні жоғары іс-шаралар жас ұрпақтың рухани дамуына, олардың кітапқа деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлкен үлес қосатыны анық.







