Бүгін: 03.10.2026
Реформалардың локомотиві сіздерсіздер, біздің ару жастар! Қазақстанның болашағы жастардың қолында, өз мүмкіндігіңді, арманыңды жіберіп алма. Жақсы оқып, еңбектенген адамның ғана арманы орындалады. Қасым-Жомарт Тоқаев

«8 минуттық кітап оқу» жобасы аясында «Бір сурет – бір кітап» тақырыбындағы кітапханалық сабақ

Астана қаласы әкімдігінің «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейі» ШЖҚ МКК кітапханасында «8 минуттық кітап оқу» жобасы аясында «Бір сурет – бір кітап» тақырыбында танымдық кітапханалық сабақ ұйымдастырылып, өткізілді. Іс-шараға 6 «Б» сынып оқушылары белсене қатысты.

Аталған жоба 2023–2024 оқу жылынан бастап Астана қаласының білім басқармасының бастамасымен барлық мектептерде жүзеге асырылып келеді. Жоба ережесіне сәйкес оқушылар күнделікті сабақ басталардан 20 минут бұрын мектепке келіп, 10–15 минут кітап оқиды. Сабақ басталуына 2 минут қалғанда оқу үдерісі тоқтатылып, оқу сабақтары басталады. Бұл жоба оқушылардың тұрақты түрде кітап оқу дағдысын қалыптастыруға бағытталған.

Кітапханашылар тарапынан әр жас ерекшелігіне сай әдебиеттер ұсынылып, оқушыларға бағыт-бағдар беріліп отырады. Оқушылар кітаптарды кітапханадан алып оқуға немесе өз үйіндегі кітаптарды пайдалануға мүмкіндік алады.

Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, Бердібек Соқпақбаевтің шығармашылығы бойынша білімдерін толықтыру, сондай-ақ олардың зеректік қабілеттерін дамытып, ой-өрісін кеңейту, өз ойын еркін жеткізе алатын тұлға қалыптастыру болып табылады.

Сабақ сергіту сәтімен басталды. «HUMAN BINGO» ойыны арқылы оқушылар бір-бірін қаншалықты жақсы танитынын көрсетіп, жағымды атмосфера қалыптасты.

Негізгі бөлімде 6 «Б» сынып оқушылары қазан айында оқыған «Балалық шаққа саяхат» шығармасы бойынша өз ойларын ортаға салды. Оқушылар шығарма желісі бойынша салған суреттерін таныстырып, кейіпкерлерге талдау жасап, автордың негізгі идеясын ашуға тырысты. Бұл кезеңде оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен әдеби талдау дағдылары айқын көрінді.

Келесі кезеңде «Tarsia Maker» әдісі қолданылып, оқушылардың шығарманы қаншалықты меңгергені тексерілді. Оқушылар берілген сұрақтар мен жауаптарды сәйкестендіріп, пазл құрастыру арқылы логикалық тапсырмаларды орындады. Нәтижесінде белгілі бір геометриялық фигура құрастырылып, олардың білім деңгейі бағаланды.

Сабақ мазмұнды әрі қызықты өтті. Оқушылар белсенділік танытып, өз ойларын еркін жеткізе білді. Мұндай сабақтар оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор ықпал етеді.

Іс-шара соңында 6 «Б» сынып оқушыларына және сынып жетекшісі Алтынай мұғалімге алғыс білдірілді.