Астана қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейде балалар мен жасөспірімдер арасында 100 шаршылы дойбыдан Қазақстан Республикасының жекелей чемпионаты өтті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас спортшылар бас қосқан дүбірлі дода логикалық ойлау мен шеберліктің, төзімділік пен табандылықтың нағыз сын алаңына айналды.
Республикалық чемпионатқа Қазақстанның 15 өңірінен 130-дан астам спортшы қатысып, бірнеше жас санаты бойынша бақ сынады. Әр партияда жеңіске деген жігер, есепке құрылған дәлдік пен байыпты шешім қабылдау қабілеті айқын көрінді.
Жарыс классика, рапид және блиц бағдарламалары бойынша келесі санаттарда өткізілді:
- 2010 жылы туған және кіші жас
- 2013 жылы туған және кіші жас
- 2016 жылы туған және кіші жас
- 2018 жылы туған және кіші жас
Чемпионат қорытындысы бойынша Астана қаласының құрама командасы тамаша нәтиже көрсетіп, 6 алтын, 2 күміс және 6 қола медаль жеңіп алды. Бұл жетістік елордалық дойбышыларға алдағы Азия және Әлем чемпионаттарында Қазақстанның намысын қорғауға мүмкіндік берді.
Аталған жарыста мектебіміздің оқушылары да өз шеберліктерін дәлелдеп, лайықты өнер көрсетті. Олар республикалық деңгейдегі тартысты бәсекеде мол тәжірибе жинақтап, өздерінің спорттық әлеуетін таныта білді.
2016–2017 жылы туған қыздар мен ұлдар арасында:
· Акдавлетова Айару – 3 «А» сынып
· Нұрұш Айсана – 3 «Б» сынып
· Тлеубек Айзере – 3 «А» сынып
· Уринбасар Нұрислам – 2 «Г» сынып
2013–2015 жылы туған ұлдар арасында:
· Естай Нұрали – 5 «Б» сынып – IV орын
· Миллат Дамир – 6 «А» сынып
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және сертификаттармен марапатталды.
Жас дойбышылардың жетістігі – жүйелі дайындықтың, жаттықтырушы еңбегінің, ата-аналардың қолдауы мен мектеп ұжымының жанашырлығының нәтижесі. Осындай республикалық деңгейдегі жарыстар жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың жеңіске деген жігерін арттырып, ел намысын абыроймен қорғауға жігерлендіреді.
Мектебіміздің оқушыларын көрсеткен нәтижелерімен құттықтай отырып, алдағы жарыстарда биік белестерді бағындырып, халықаралық ареналарда Қазақстанның көк туын биіктен желбірете беруіне тілектеспіз!
Сілтемелер (doiby_astana, 48_lyceum)
1) https://www.instagram.com/p/DZvkQIEjVFs/?igsh=NmhmbWJjdGJrbzFq
2) https://www.instagram.com/p/DaBV13NkUTl/?igsh=YTd1ajhoc2psM2I1
3) https://www.instagram.com/p/DaNAqgiCFrx/?igsh=MWt1YmN4cnIzMzdseQ==







