Астана қаласы тағы бір мәрте халықаралық спорт додасының орталығына айналды.
2026 жылғы 24–28 маусым аралығында Qul-Khadisha Park Hotel қонақ үйінде Қазақстан тарихында алғаш рет 100 шаршылы дойбыдан Әлем кубогының финалы өтті.
Әлемдік деңгейдегі айтулы жарысқа әлемнің және еліміздің бірнеше өңірінен 100-ден астам спортшы қатысып, жоғары шеберліктерін паш етті.
Жарыс блиц және рапид бағдарламалары бойынша келесі санаттарда өткізілді:
- ерлер мен әйелдер
- 27 жасқа дейінгі жастар
- 14 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар
- 11 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар
Қуаныштысы, осы дүбірлі додада мектебіміздің 5 «Б» сынып оқушысы Естай Нұрали ел намысын абыроймен қорғады. 14 жасқа дейінгі ұлдар санатында бақ сынаған жас дойбышы тартысты ойын өрнегін көрсетіп, Әлем кубогы финалының үздік алты ойыншысының қатарына енді. Бұл – жас спортшының талмай ізденіп, жүйелі дайындықтың арқасында жеткен маңызды жетістігі.
Сондай-ақ мектебіміздің шахмат және дойбы үйірмесінің жетекшісі Исаев Сержан ерлер арасындағы бәсекеде лайықты ойын көрсетіп, халықаралық жарыста бағалы тәжірибе жинақтады.
Жарыс қорытындысында Қазақстан құрамасы сапындағы Астана қаласының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Бұл – еліміздегі дойбы спортының қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдейтін жарқын көрсеткіш.
Халықаралық дода жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, медальдармен және демеушілер тағайындаған бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мектебіміздің мақтанышына айналған Естай Нұрали мен жетекшісі Исаев Сержанды жарқын жетістіктерімен құттықтаймыз! Жас спортшының алдағы уақытта да еліміздің абыройын асқақтатып, халықаралық ареналарда жаңа белестерді бағындыратынына сенім мол.
Жас дарындардың қанатын қатайтып, олардың жан-жақты дамуына қолдау көрсетіп жүрген мектеп әкімшілігіне, педагогтерге және ата-аналар қауымына зор алғысымызды білдіреміз. Осындай жеңісті сәттер мектебіміздің мерейін үстем етіп, өскелең ұрпаққа үлкен жігер мен шабыт сыйлай берсін!
Сілтемелер (doiby_astana, draughtskazakhstan, 48_lyceum)
1) https://www.instagram.com/reel/DaAVVaOIsB2/?igsh=eTBhZm42Mmc0a25m
2) https://www.instagram.com/p/DaJXdjzDeBY/?igsh=MXdxZmJwdmdzd2k1dQ==
3) https://www.instagram.com/p/DaOP9skgjiA/?igsh=MWtqaXlyc2tueG16MA==
4) https://www.instagram.com/p/DaNRt8diE-D/?igsh=eTE4ZHl3dzQ3bnJ0







